Баламен үнемі сөйлесу керек. Сөйлесудің, сөйлеу арқылы қатынасқа түсудің болмауы баланы шаршатып, мазасыз күйге әкеледі. Бала ашуланшақ болып, өзінің көңіл-күйін айқайлау, жылау арқылы білдіреді.
Ерте жастаға баланың сөйлеу тілін дамыту мақсатында қолданылатын ойын түрлері мен жұмыстары:
-балаларға арналған өлең-шумақтар, тақпақтар, желілі-рөлді ойындар, дыбысты еліктеу арқылы айту ойыны.Бұл ойындар мен жұмыстарды орындау барысында ересектердің сөйлеу тілі, балаға сөзді қимыл-қозғалыс негізінде қабылдап, оны қайталап айтып, сөзді естуімен ерекшеленеді.
-Желілі-рөлді, қимылды-бейнелі ойындарды ойнау барысында,баланың ересектермен эмоционалдық байланысы орнайды. Ойынды ойнау барысында бала ойынды өзі, өз еркімен ойнауды бастайды.
-Дыбысты еліктеу арқылы қайталап айту ойындарында баланың фонематикалық есту қабілеті дамып,белгілі бір дыбысты анық айтуға дайындайды.
-Желілі-рөлді ойыншықтармен, белгілі кейіпкерлері бар ойыншықтармен ойнау баланың диалог құруына және сөздік қорының молаюына әсер етеді.
-Әдебиеттік шығармаларды оқу және ертегі айту,әңгіме, тақпақтар, жырларды, тарихи оқиғаларды айту.
-Балалар әдебиетінің иллюстративті (мазмұнды) суреттерінің құрылымын қарау, талқылау.
-Заттық және мазмұндық суреттермен ойын сабақтарын жүргізу.
-Суреттерді ересектермен қарау барысында балалар, сурет мазмұнымен киіпкерлердің атауымен танысып, қайталап айтып еске түсіреді.
Балаларға суретпен жұмысты ұйымдастырудың маңызды себебі – бала заттың атауын бейнесімен салыстырады және сәйкестендіре отырып, еске сақтайды.
-Жеңіл жұмбақтар жасыру.
-Баланың ұсақ-қол моторикасын дамытуға бағытталған ойындарын өлең шумақтары арқылы қолдың басы және саусақ қимылымен бірге орындауға болады. Қол және саусақ жаттығуларын жасау, баланың физиологиялық сөйлеу тілінің даму негізін құрайды.
Барлық аталған ойындар мен жаттығулар баланың сөйлеу тілінің дамуын жүзеге асырады. Сөйлеу тілін дамытуда педагогтардың (тәрбиешілердің) бағытын айта отырып, баланың ана тілін үйренуде мына ұстанымды айтпай кетуге болмас: «Көр – тыңда – қайтала!».
Ерте жастағы баланың есеюі барысында сөйлеу тілінде үлкен өзгерістер орын алады. Диалогтық сөйлеу тілінен монологтық сөйлеу тіліне ауысады. Диалогтық және монологтық сөйлеу дегеніміз не?
Диалог – бұл бір немесе бірнеше адамның пікірлесушінің сұрақ-жауап түріндегі әңгімелесуі. Диалогтық сөйлеу тілі – мағыналық жағынан монологтық сөйлеу тіліне қарағанда жеңіл. Диалогтық сөйлеу тілінде тақырыптық сөйлесу, күнделікті тұрмыстық сөйлесуді қолдану, синтаксистік құрылымы жағынан күрделі емес, айтылуы, жеткізуі жеңіл болады. Диалогтық сөйлеу тілі – монологтық сөйлеу тілінің құрылуына негіз болады. Сөйлеу тілінің негізгі бастамасы алғашқы кезеңі – ол қарым- қатынас болып табылады. Сөйлеу тілінің құрылымы диалогтық сөйлеу тілінен басталады. Бұл кезде сөзді айтушы және тыңдаушының рөлдері үнемі ауысып отырады. Баламен ең алғаш диалог құрушы – ол әрине, үлкендер болып табылады. Бұл кезде баланы әрқашанда сұраққа жауапты айтуға, жауап беруге жетелеу керек. Баланың сөйлеуге деген ынтасын, қабілетін баланың дыбыстарды дұрыс немесе бұрыс дыбысталуына қарамастан дамытып отыру керек. Дұрыс жауап беру негізі ол мән-жайды, іс-әрекетті түсіну болып табылады.