«Ер есімі – ел есінде».
Ер есімі – ел есінде.
Желтоқсанның желі, аязы, ызғары Қанды мұзда талай қазақ сыздады. Ұлт қамы үшін шыққан сол күн алаңға Азап шекті қайсар қазақ қыздары.
1986 жылы желтоқсан айында Алматы қаласының орталық алаңына қазақ жастары жиналып, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнына Қазақстанда бір күн де жұмыс істемеген және есімі де елге белгісіз Геннадий Колбиннің тағайындалуына қарсылық танытты. Қазақ жастарының бұл наразылығы бүкіл әкімшіл-әміршіл жүйеге наразылыққа ұласты. Кремль саясатына қайшы келетін шеру қатыгездікпен жаншылды. Жастарды таратқаннан кейін қуғын-сүргін басталды.
«Желтоқсан оқиғасы» – қазақ халқының тарихында болған ақтаңдақтардың бірегейі. Ал одан бергі аралықта еліміз Тәуелсіздік алып, шаңырағын биікке көтерді. Көптеген деректердің көздері ашылып, бұл оқиға түрліше айтылды. КСРО кезінде көтерілісті қаладағы бұзақылардың әрекеті ретінде көрсетуге тырысты, кейінірек көтерілісті «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» ретінде таныды.
Енді міне, осы желтоқсан көтерілісіне қатысқан ағаларымыз бен апаларымыздың арқасында ата — бабаларымыз үш ғасырға жуық уақыт бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл оқиға дүниені дүр сілкіндірді. Бұл желтоқсан көтерілісіне қазақ ел аузында жүрген, тарихта аты қалған Қ. Рысқұлбеков, Л. Асанова, С. Мұхаметжанова, Е. Сыпатаев апаларымыз бен ағаларымыз қатысты. Ол кісілердің есімдерін біз ешқашанда ұмытпаймыз. Ер есімі – ел есінде!
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Павлодар ауданынның Кеңес негізгі мектебінде «Ер есімі – ел есінде» көрмесі ұйымдастырылып, дөңгелек үстел өтілді. Шараға 5 – 9 сынып оқушылары қатысып, өз ойларын білдірді.