Күзге ере келген, 1 – қыркүйек
Күзге ере келген, 1 – қыркүйек
Кеше ғана жадыраған жазды құшақ жая қарсы алып, мәз-мейрам боп едік. Бүгін жаз да қол бұлғап, есіктен сарғайып күз қарайды.
Күз өзінің салқын лебізін ғана емес, өзімен бірге Білім күнін ерте келді. Білім күні — бұл деген, жас буынның мерейлі мерекесі. Бұл күн – жас жүректің дүрсілі. Осы айтулы мекереде Павлодар ауданының барлық мектептері балғындарға есіктерін айқара ашты. Соның бірі, Кеңес негізгі білім беру мектебі.
1 – қыркүйек Білім күнініне арналған салтанатты кешімізде, алғаш мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндеріміз әннен шашу шашып, алғашқы ұстазына деген өлең шумақтарын тарту етті.
Осы кеште мектебіміздің директоры Айнұр Шалабаевна да сөз сөйлеп, 1 сынып оқушыларына ақ жол тілеп, білім күнімен құтықтады.
Биыл мектебімізге екі бірдей жас маман келді. Бірі Б. Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжінің түлегі – Серик Ахтолқын болса, енді бірі Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің түлегі – Уалихан Гулбахыт.
Алдағы оқу жылынан күтетініміз мол. Оқушыларға оқуда табыс, ал ұстаздарға жалықпай еңбектерінің жемісін көрулерін тілейміз.