Мектебімізде 5-9 сынып оқушыларына арналған бірлескен сынып сағаты өткізілді. Сабақ барысында бірнеше маңызды тақырыптар қамтылды.
Бірінші кезекте буллинг мәселесі көтеріліп, оқушыларға бірін-бірі құрметтеу, тіл тигізуден және қорлау әрекеттерінен аулақ болудың маңыздылығы түсіндірілді. Буллингтің түрлері, оның салдары және алдын алу жолдары жайлы кеңінен айтылып, оқушылар өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Сынып сағатында сондай-ақ төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, табиғи апаттар мен басқа да күтпеген жағдайларда қалай әрекет ету керектігі туралы ақпарат берілді. Алғашқы көмек көрсету, эвакуация тәртібі және қауіпсіз орындарға бару жолдары қарастырылды.
Қауіпсіздік тақырыптарының жалғасы ретінде мотоциклмен жолда жүру ережелері де талқыланды. Оқушыларға жолда жүру мәдениеті, қауіпсіздік құралдарын (шлем, қорғаныс киімдері) пайдалану, жол белгілерін сақтау және жасөспірімдердің заң жүзіндегі жауапкершілігі туралы түсінік берілді.
Сынып сағаты оқушылардың адамгершілік қасиеттерін дамытуға, құқықтық және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
#буллингтенқорған