«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫН ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ БАСТАДЫ
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын бастады.
Балалар жылы аясында бұл акция «Мектепке жол – Шексіз жақсылық» ұранымен өтуде. Акция 2022 жылғы 31 тамызға дейін, яғни жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасады.
Акцияға кез келген адам қатыса алады: волонтерлер, кәсіпкерлер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар және басқа да азаматтар. Қатысушылар көмекке мұқтаж отбасылар мен балаларға қолдау көрсете алады немесе өздері де көмек сұрап жүгіне алады.
«Акция аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті көмек көрсету мақсатында өткізіледі. Барша ниетті азаматтар балаларды жаңа оқу жылына дайындауға көмектесе алады. Осылайша біз балалардың әлеуметтік себептермен мектепке бармауының алдын аламыз. Әр мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың нақты аты-жөндері көрсетілген тізімдер жасалды. Білім беру ұйымдарында «жедел желі» үздіксіз жұмыс істейді. Қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар мен ата-аналар көмекке жүгіне алады. Өз кезегінде, бейжай қарамайтын азаматтар, кәсіпкерлер мен меценаттар акцияға қатысып, көмек көрсете алады», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.
Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы жыл сайын жаңа оқу жылының қарсаңында өткізіледі. Он жыл ішінде 2 миллионнан астам балаға материалдық көмек көрсетілді.
Акцияға қатысу үшін білім басқармаларына немесе білім беру ұйымдарына жүгіну қажет.
Павлодар ауданы Черноярка жалпы орта білім беру мектебінің қабылдау бөліміне арналған байланыс нөмірлері
Көрсетілген нөмірлер бойынша білім беру үдерісіне, оқытуға, мектеп формасына, тамақтандыруға және «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қатысуға қатысты барлық сұрақтар бойынша толық ақпарат алуға болады.
Ата-аналар мен оқушыларға қажетті кеңестер мен түсіндірмелер беріледі.
📞 +7 777 410 3918
📞 +7 771 207 5333