Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі- Ұстаз
«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат,
өйткені мұғалім-мектептің жүрегі»
Ы.Алтынсарин.
Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі- Ұстаз. «Ұстаз» деген қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр сырын білуге, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары анық. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.
Осындай бір әдемі атауларға , өзім 16 жылдан астам қызмет істеп жүрген Красноармейка орта жалпы білім беру мектебінің «Ұстаз» атты қасиетті ұғымның иелерін, яғни әріптестерімді теңегім келеді.Киелі білім ошағының қайнап жатқан дүниесінде бірге бітісіп, ыстығы мен суығына бірге төтеп бере алатын қайсар жандардың жайдарлы жүздерінен тек қана қуаныш ізін көргім келеді. Ол қуаныш-шәкірттеріннің жетістігі мен толайым табыстарынан тұрады. Ұжымда 40тан астам ұстаз қызмет етеді. Барлығы дерлік жоғары білімді деп айтса да болады.Олардың басым бөлігі жастар. Еңбегімен еленіп жүрген аға-әпкелеріміз де баршылық. Шәкіртерін білім нәрімен сусындатып, жетістігімен ауыл, аудан,облысқа , қала берді республика көлеміне танытып отырған ұстаздар да жоқ емес. Мектеп басшысы Т.С.Баизбаеваның көрегенділігі мен дұрыс шешім қабылдай алып,ұйымдастырушылығы арқасында ұжым үлкен дәрежеге ие. Осыған орай, білім ошағы да биыл күрделі жөндеуден өтіп,заманауи түрге бір табан жақындады. Олай дейтінім,ұстаздар мен қызметкерлердің сапалы қызмет етулеріне мол жағдай жасалып, кабинеттер де жасақталды. Мектептің тұздығы болып жүрген Қ.Кожина., К.Кабдуллина., Л.Карменова сынды зейнеткер апаларымыздың ақылына әлі де болса жүгініп , үйренсем деген жастарымыз көңілге қуаныш ұялатады. «Білім көзі- кітапта» демекші, оқушыларды оқулықтармен 100 пайыз қамтып жүретін кітапханашымыз А.Мапитова,мектеп психологы Г.Мурзабекова, көп жылдар мектебімізде оқу ісі меңгерушісін атқарып келген К.Жакиянова ,оң қолынан өнер тамған Қ.Тулемисов, АӘД баулушы Қ.Жакияновтай аға-әпкелеріміз мектеп жанашырлары. Сонымен қатар,қиын да , қызық істерді қатар алып жүретін ,ұстаз атына лайық көптеген мұғалімдерді өз мамандығының шеберлері деп айрықша атауға болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» – деген еді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді.,
Сөз соңында, осы аталған мектеп ұжымын,сонымен қатар,барлық ұстаздарды кәсіби төл мерекелерімен шын жүректен құттықтай отыра,оларға зор денсаулық, қажымас қайрат, отбастары мен өз қызметтеріне өшпес махаббат,кең пейіл, кетпес дәулет тілеймін!
Ардақ Мухаметалина
Мұғалім. Красноармейка мектебі.