image
Абай Кунанбаеву 175 лет
image
Женіс лентасы
image
ҚР конституциясының 25 жылдығы
image
Балалар жылы

image

Красноармейка орта жалпы білім беру мектебінің Жас түлектеріне игі тілек!!!

Құрметті Красноармейка орта жалпы білім беру мектебінің  11-сынып оқушылары,  яғни жас түлектер! Сіздер үшін осынау күн айшықты да, айдынды, мерекелі де мерейлі, табысты да толғамды күнге айналып отыр. Өйткені Сіздер дәл осынау күні өздеріңіздің қимас бір мекеніңізге айналған, балдәурен шақтың балауса қызығын өткізген, сөйтіп бойларыңызға білікті білім мен тәлімді тәрбие жинаған мектеп анаңыздан түлеп ұшқалы тұрсыздар. Осыдан санаулы ғана жылдар бұрын сіз осы мектептің қастерлі табалдырығын жасқана да жүрексіне аттап, өзіңізге тәлім берер алғашқы ұстазыңызбен жүздесіп, білім нәріне бас қойған едіңіздер. Содан бері ағын судай жылжыған жылдар легі сіздің өрісіңізді кеңейтті, бойыңызды қатайтты, топшыңызды бекітті. Сіздер үшін осынау қимас ұяңызда жүрген сәтте, алдыңыздан күн сайын жаңалықтар легі ашылды, танымыңыз тереңдей түсті. Сіздер мектеп партасында отырып, ұстаз аузынан естілген әр бір білім жаңалығының қабылдаушысы болып қана қойғаныңыз жоқ, сіз осынау сәттерде өзіңіз де мектебімізде өткізілген қаншама игілікті шаралардың белортасында жүрдіңіз, жарқын да мағыналы істердің жанашыр куәгері атандыңыз. Сіздердің бойларыңызға білікті білім мен тәлімді тәрбие егуді өзімнің жауапкершілік міндетім деп қана ұғатын барлық ұстаздарыңыз енді Сіздердің дәл осындай биіктен көріне білгеніңізге қуанады. Сіздер алдағы өміріңізде Абай атамыз айтқандай: «бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық» бола білсеңіз ғана өзіңіздің ұстаздарыңыз төгілген тер өтелді деп біледі. Сіздер үшін бүгінгі қағылар соңғы қоңырау үні балдәурен балалықтарыңыздың артта қалып, жауапкершілігі мол азаматтық биікке көтерілгендігіңіздің ескертпесі сияқты. Сіздерге ендігі сәтте өз өмір айдыныңызды қалап алуға тура келеді. Осынау кезеңдерде өмір кемеңіздің желкенін еш уақытта түсірмеу үшін, сіздің бойыңыздан білім мен білік, батылдық табылатынына сенгіміз келеді. Сіздер Елбасы армандаған мәңгілік болашақтың бүгінгі жас құрылысшысы екендігіңізді еш уақытта естен шығармаңыздар. Мен сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, өмір деп аталатын алып күре жолда сүрінбеулеріңізге, тек қана сүрінбеулеріңізге тілектеспін. Тағдырларыңыз жұлдызды болып, арман деген асқар таудың биігінен көрініңіздер!    Ақ жол  Сіздерге!!!

Тілекпен білдіруші сынып жетекшілеріңіз                                                    

                                   Досымханов Қайыржан  Байтемирович