Оқушымын мен енді!
Білім күні – жаздың ыстық күндерінен кейін қайта қауышқан оқушылар мен мұғалімдердің, достардың, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарының күні. Дәстүр бойынша білім күні біздің елімізде 1-қыркүйек күні аталып өтіледі. Еліміздің әр мектебінде Білім күніне орай салтанатты шаралар өтеді, дәстүрлі қоңырау соғылады. Мектеп ауласында жиналған қауымның арасында қоңырау үнін алғаш естіген бүлдіршіндер де бар. Олар – бірінші сынып оқушылары. Бұл күні балдырғандар алғаш рет оқушы атанса, мен жас маман ретінде алғаш рет мұғалім атандым.
Қоңырау соғылысымен, оқушылар мен мұғалімдер өз сыныптарына тарап, «Ата Заң – Асыл қазығым», «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» тақырыбында тәрбие сағаттарын өткізді.
Мектепке алғаш келген бүлдіршіндерді балалар мен ересектерден тұратын жаңа ұжым қуана қарсы алды. Енді оқушы атанған балалар үшін бейімделу кезеңі басталды. 1-сынып оқушысы құрдастарымен және мұғалімдермен байланыс орнатуы, оқу жұмысына байланысты жаңа міндеттерді және мектеп пәндерінің талаптарына қатысты үйрену міндетін орындауы қажет.
Баланың мектепке бейімделуі – өте ұзақ процесс. Кішкентай оқушының мектепке нық үйреніп, дағдылануы үшін бір күн емес, бір апта емес, ұзақ уақыт қажет болады. Мектептегі тәрбие, білім беру, бейімделу үдерістерінде тек мұғалім мен балалардың ғана емес, ата-аналардың да маңызы зор.
Ата-ана мектепке баратын балаға мыналарды үйретуі керек:
- Мұғалімнің сұрағына дұрыс жауап бере алмаса, шығарған есебі дұрыс болмаса, сөздерді дәптерге жазғанда қате жіберсе – ешкім де оны мектептен шығарып жібермейтінін;
- Қате жауап беру, түсінбесе қайталап сұрау ұят емес екенін;
- Өз пікірін білдіруден қорықпауды.
Ата-аналар осы кеңестерді орындаса, мұғалімнің оқушыларды мектепке бейімдеуіндегі жұмысына деген көрсеткен көмектері болып табылады.
Жумажан З.К.