«Қыз қылығымен көркем»
11 қазан, бейсенбі, Халықаралық қыздар күні.Бұл күнді 11 қазанда 2012 жылы Халықаралық қыздар күні деп БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен. Күнді мерекелеудің мақсаты — бүкіл әлемдегі қыздардың теңсіздік және әлеуметтік мәселелеріне назар аударту. Олардың ішінде білім алу, толыққанды тамақтану, медициналық қызмет алу, кемсітушіліктен, зорлық-зомбылықтан қорғау, бала кезінен мәжбүрлеп некеге тұрғызудан қорғау жатады.
Осы мерекеге орай Красноармейка орта жалпы білім беру мектебінде бір талай іс- шаралар өткізілген болатын. Соның ішінде 8 сынып жетекшісі Акпарова З.Б.өткізген«Қыз кылығымен көрікті» атты тәрбие сағаты.
Мақсаты: Қыздарды сайыстыра отырып өнерлерін арттыру.Ізденушілік қабілеттерін, ой өрісін, қызығушылықтарын арттыру.Балалардың өзінің ата- тегін ұғынып білуге, бойына ұлттық сананы сіңіруге, бір- бірін сыйлауға, жеті аталарын білуге,үлкенге құрмет,кішіге ізет көрсете білуге тәрбиелеу.Салт- дәстүрлерді құрметтеуге, ақыл- ойларын, әдет- ғұрпын, ауыз әдебиеті шығармаларын оқу арқылы рухани жан дүниесін байыту.
Сабақ сайыс түрінде өткізіліп өз мәресіне жетті.
Сайыс түрлері: «Мен қазақ қызымын»өзін өзі таныстыру; «Сұрақ жауап»; «Қыз үйде қылығы түзде»; «Таң қалмаңыз»; «Ас адамның арқауы».
”Қыз баланы тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз” қағидасымен қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық дәстүрлер мен құндылықтарға негізделген отбасы мәртебесін нығайту.
Қазақ қауымында қыз баланың орны ерекше болған. Оны мынадай мақал мәтелдерден анық аңғарамыз. Ата – бабаларымыз қызды қонақ деп есептеген, барған жерде бағының ашылуын үйде отырып қамдаған. Барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған. Еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген.
«Қыз – өріс, ұл-қоныс» деп білгендіктен қазақ өрісін кеңейтер қыз балаға айрықша көңіл бөлген. «Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» дей отырып, «Қызға қырық үйден тыйым» жасайды.
Қыз,әйел, абысын ажын, ағайын туралы мақал мәтелдерді саралай отырып, халық даналығына қайран қаласың. Атам қазақ ешбір жарғы, нұсқау жазып әуре болмай ақ әрі қысқа, әрі нұсқа нақылдармен тәрбие тағылымның тамаша үлгісін түйіп айтып отырған.
Халқымыз «қыз-қонақ» деп, төрінен орын беріп, қыздарды алтынның сынығына балап өсірген. Жалпы бала тәрбиесіне, соның ішінде қыз бала тәрбиесіне өте көпкөңіл бөлген. Ата-бабаларымыз «қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама ой сыйғызған. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек анасы жауапты емес, бүкіл ауыл, ел жауапты болып отырған.
Ал қазіргі заманда бала тәрбиесіне тек қана ана емес, радио мен теледидар, газет-журнал, түрлі кинофильмдер жан-жақты әсер етуде.
Қазақ қыздарының менталитетіне қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ақылдылық, имандылық сияқты қасиеттер- дің кіретіні сынып сағаты барысында байқалды.
Әрбір елдің өміріндегі шешуші кілт – қыздарға берілетін тәлім тәрбие арқылы өлшенеді. Біздің халқымызда «Қыз» деген сөздің өзі әдеміліктің, әдептіліктің, сұлулықтың символы ретінде қолданылады.
Отбасы қоғамның бір бөлшегі, ал отбасының алтын қазығы – әйел адам. Сондықтан да бүгін жалпы берілетін тәрбиенің ішінен қыз бала тәрбиесіне байланысты тұстарын бөліп алып Замзагуль Байтургановна адамгершілігі мол, әдепті, инабатты, сыпайы қыздарымызды тәрбиелеп шығару мақсатына үлкен мән беріп отыр .
Заман ағымынан қалмай, орынды киініп, орынсыз нәрселерден аулақ болып, өзге тілде емес, өз тілінде сөйлеп, дәстүрді сыйлап, ибалығын сақтау қажет екенін байқатып отыр.
Бүгін ол қыздар өнегелі тәрбие алса, ертең ұрпақ тәрбиелейтін қазақтың дана аналарына айналары сөзсіз.
Сөз соңын Елбасымыздың: «Әйел – бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» деген пікірімен қорытындылағым келіп отыр.
Қыздар десең шешек атып жанады,
Өмірімнің бастау алар жаңа әні.
Қыздар деген тіршілікте пана боп,
Әрбір үйде жұлдыз болып жанады.
Пікір тұтқан адамдықты,адалдықты,
Көркімен таңқалдырған тамам жұртты.
Қыздардың қылығынан өмір қызық,
Қыздардың ғұмырынан заман құтты.
Қыз бала,бойжеткен,келін,ана,
Бәрі де дер кезінде дара тұлға.
Ұрпағыңның ойлайсың болашағын.
Қызды сыйла, жамағат, қызды сыйла.
Жакьянова К.Т.