«Ұстазға тағзым»
«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» — деген ұлы Абай бабамыз. Қазан айында аталып өтетін мерекелердің ішіндегі ең ұлық та, ұлағатты мерекенің бірі — «Ұстаздар күні». Осыған орай Кемеңгер орта жалпы білім беру мектебінің директоры Т.Баизбаева ұстаздарды төл мерекемен құттықтады. Мереке қарсаңында мектеп әкімшілігі мен кәсіподақ ұжымы мүшелерінің ұйымдастыруымен шәкіртті тәрбиелеу жолында жемісті жұмыс атқарған 10,15,25,30,40 жыл еңбек өтілдері бар ұстаздардың еңбегі ескеріліп, сыйлықтар табыс етілді. Айта кетерлігі, ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп жүрген, 40 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Клара Тулюбаевна Жакьянова. Педагогикалық тәжірибесі мол, заман талабына сай оқытудың жаңа әдістерін меңгерген, инновациялық технологияларды қолданатын, шығармашылықпен жұмыс істей білетін ұстаздың еңбегі зор.
Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы-жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі-мұғалім.
Кәсіподақ төрайымы С.Жасқайратова