15 қаңтар. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
2016 жылғы 15 қаңтар
ЖҰМА Википедияның туған күні Сайт 2001 жылы 15 қаңтарда ашылған. Гавай тілінен аударғанда вики сөзі «жылдам» деген мағынаны білдіреді. Википедия (ағылшынша Wikipedia) — әлемдік ғаламтор желісінде еркін таратылатын әмбебап энциклопедия.
Хорватияны халықаралық мойындау күні 1992 жылдың қаңтардың 15-інде Хорватия Республикасын Еуропалық одақтың 12 елі халықаралық түрде мойындады.
Дәл осы күні оған Австрия, Болгария, Канада, Венгрия, Мальта, Польша және Швейцария қосылды. 1992 жылы қаңтардың аяғына дейін тағы да жеті мемлекет: Финляндия, Румыния, Албания, Босния мен Герцеговина, Бразилия, Парагвай және Боливия мойындады. Хорватияны азиялық елдер ішінде бірінші болып Иран таныды, ал африкалық елдерде Мысыр. 1992 жылы мамырдың 22-інде Хорватия БҰҰ-ға қабылданды және сол кезде Ресей, Жапония, АҚШ, Израиль және Қытай мойындаған. Хорватияда 48 елшілік, әртүрлi халықаралық ұйымдарда алты тұрақты миссиялары, 23 елшіліктері бар және әлемнің 120 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылған.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 291 жыл бұрын (1725) Әбілқайыр ханның қазақтардың басын қосып, Түркістанды қайта алғаны жөніндегі хабар Мәскеуге жетті. 241 жыл бұрын (1775) «Жайық өзенін — Орал, сонда орналасқан казактарды оралдықтар, Жайық қаласын — Орал» деп өзгерту туралы ІІ Екатерина патшаның жарлығы шықты.
82 жыл бұрын (1934) Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ресми түрде ашылды. 1934 жылы 15 қаңтарда профессорлық-оқытушылық құрам туралы және алғашқы 54 студентті физика-математикалық және биологиялық факультеттерге қабылдау туралы бұйрықтарға қол қойылды. Қазіргі уақытта ҚазҰУ елдегі жетекші ЖОО бірі. Университет 180 сала бойынша мамандар дайындайды7 79 жыл бұрын (1937) Қазақ музыка театрында (казіргі Абай атындағы Қазақ академиялық опера және балет театры) «Ер Тарғын» операсының премьерасы қойылды. Либреттосын С.Камалов, музыкасын Е.Брусиловский жазған. Операда 60-тан астам халық ән-күйлері пайдаланылған. Операны алғаш режиссер Қ.Жандарбеков қойған. Басты рөлдерді КСРО халық әртісі К.Байсейітова (Ақжүніс), Қазақстанның халық әртісі Қ.Байсейітов (Тарғын) ойнаған. 78 жыл бұрын (1938) Павлодар облысы құрылды. Павлодар облысы 1938 жылғы қаңтардың 15-інде КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1-ші сессиясы Қазақстанның үш облысын бөлу туралы КСРО Заңын және Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) Орталық Комитетінің қаулы жобасын бекітті. Шығыс Қазақстан облысынан Павлодар облысы бөлініп шықты, оның құрамына он аудан кірді. Облыстың аумағында Баянауыл орналасқан — ол Павлодарлық Ертіс жағалауының маржаны, Қазақстан Республикасының ең әдемі жерлерінің бірі.
51 жыл бұрын (1965) Семей ядролық полигонында, Шаған өзенінің кеуіп қалған арнасында, 178 метр тереңдікте қуаты 104 килотонналық атом бомбасы жарылды. Жарылыс салдарынан ұзындығы 408 метр, тереңдігі 100 метрге жететін кратер пайда болды. Кейінірек аталмыш кратердің жағалауынан 20-35 метр жерде үлкен көл пайда болды. Жер қазу техникасының көмегімен арна қазылып, су кратерге құйылған.
24 жыл бұрын (1992) Гурьев облысы мен Гурьев қаласы (1640 жылы негізі қаланған) Атырау облысы және Атырау қаласы болып өзгертілді. Облыс аумағы 113,5 мың шаршы км. Облыс құрамына бір қала мен жеті аудан кіреді. Облыс тұрғыны — 443,4 мың адам, оның ішінде — 257,6 мың қалалық, 185,8 мың ауыл тұрғындары. 22 жыл бұрын (1994) Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты құрылды.
8 жыл бұрын (2008) Павлодарлық «Ромат» полимерлік дәрігерлік бұйымдарды өндіретін фармацевтикалық фирмасы заманауи жабдықтармен жарақталған бір рет қолданатын үш компоненті шприцті шығаратын желі іске қосылды. Жаңа техника кәсіпорынға халықаралық стандарттарға сай жасалған жаңа нұсқаны өндіруге және ескірген екі компонентті шприцтердің шығуын тоқтатуға мүмкіндік береді. Желіні Ресейдің және Ұлыбританияның мамандары жасап шығарған, оның қуаты — жылына 100 млн. шприц. 8 жыл бұрын (2008) М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалы мен софтерлік SMART-EX компаниясы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум бірқатар бағыттар бойынша перспективалы өзара ынтымақтастық үшін құқықтық негіз болып отыр. Атап айтқанда, мұндай ынтымақтастық болашақ бағдарламашыларды кәсіби білімді тереңірек игеруге ынталандырады. 8 жыл бұрын (2008) Қазақстан Үкіметінің отырысында жарғылық капиталына мемлекеттің жүз пайыздық қатысуымен академик Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы «Ғарыштық зерттеулер және технологиялардың ұлттық орталығы» акционерлік қоғамын құру туралы шешім қабылданды. 8 жыл бұрын (2008) Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Бурабай» арнайы экономикалық аймағын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Оның мақсаты Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту. 7 жыл бұрын (2009) Республикадағы танымал жазушы Медеу Сәрсекенің жаңа кітабы жарық көрді. «Дара дарын» атты роман-эсседе қазақтың ұлы ғалымы, академик Қаныш Сәтбаев туралы жазылған. Жаңа басылымға ғалымның өмірі мен қызметінің әр түрлі кезеңін көрсететін үш жүзге жуық фотосуреттер кірді. 7 жыл бұрын (2009) Ақмола облысының Еңбекшiлер ауданында жаңа туристiк кешен ашылды. Бес жақсы жабдықталған коттедждер, спорт және балалар алаңы, бассейні бар 60 адамға қызмет көрсетуге есептелген орталық Щучье-Бурабай курорт аймағында орналасқан. 7 жыл бұрын (2009) «Semey» фотоальбомы жарық көрді. Журнал қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде басылған. Альбомда ескі Семейдің тарихи ескерткіштері, сәулеті мен мәдениетінің, қазiргi заман жаңа құрылыстары, даңғылы және көшелерінің суреттері жинақталған. Оның авторы — мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Айдар Самаев. 6 жыл бұрын (2010) Қарағанды «Болашақ» университетінде Құқықтық және салыстырмалы зерттеулер институты ашылды. Институт 2009 жылдың қыркүйегінде құрылды. Құқықтық және салыстырмалы зерттеулер институты мынадай мәселелерді шешеді. Заң жобаларына, оның ішінде ведомстволық нормативтік актілер мен шешімдерге сараптама жасау. Заманауи кезеңдегі қылмыспен күрес стратегиясы мен тәсілдерін ғылыми негіздеу, қылмыс жасауға тікелей және жанама түрде жағдай туғызатын алғышарттарды анықтау. Қолданыстағы заңнама нормаларын жетілдіру бойынша ғылыми-зерттеулер жүргізу және осы негізде қолданыстағы заңнамаға балама заң жобасын немесе өзгертулерді дайындау. Құқық қорғау органдарының қылмыспен күресудегі практикалық қызметін зерттеп білу және олардың жұмысындағы оң тәжірибелерді тарату. Олардың қылмыспен күрес бағытында басқа мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен бірлесе әрекет ету формалары мен тәсілдерінің негізгі бағыттарын ғылыми негіздеу. Қылмыспен күрес саласында әлеуметтік зертеулер жүргізу. 6 жыл бұрын (2010) Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ақын, журналист Сайлау Байбосынның «Ерейментау» атты кітабының таныстырылымы болды. Ереймен өңірі қилы-қилы тарихымен, қарыс сүйем жері үшін қаһармандықпен күрескен қанжығалы Бөгенбай, Жантай, Бозан батырлардың, Бөгенбайдан тарайтын Бапан, Саққұлақ билер, сондай-ақ Үмбетей жырау сияқты халқына қорған болған ұлы тұлғалар дүниеге келген мекен. Кең-байтақ қазақ даласының қасиетті бір пұшпағы саналатын осынау өңірдің арғы-бергі тарихы хатталып, ел ауызында айтылатын аңыз-әңгімелер сараланған, айтулы оқиғалар мен шежірелік жылнамалар жүйеленген, тарихи танымал тұлғалар жайында сыр шертетін кітаптың оқырманға берері аз емес. «Фолиант» баспасының «Менің Отаным — Қазақстан» сериясымен жарық көрген кітаптың тұсаукесер рәсіміне ақын-жазушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. 6 жыл бұрын (2010) Алматыда Ә.Қастеев атындағы өнер мемлекеттік мұражайында белгілі қазақстандық суретші Айтбай Құлбайдың жеке көрмесі ашылды. 6 жыл бұрын (2010) Алматыда ҚР тұңғыш Президентінің қорында әйгілі қазақстандық фотосуретші, кинематографистер Одағының мүшесі, ҚР Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты Николай Постниковтың көрмесі ашылды. 4 жыл бұрын (2012) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық теннис орталығы аумағында құрылған халықаралық стандарттарға сай кешенде болды. 3 жыл бұрын (2013) Қазақстан Республикасының Үкіметінің Қаулысымен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастырудың және өткізудің ұлттық жоспарын бекітілді. Сонымен қатар, мемлекеттің жүз пайыздық қатысуымен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ құрылды. 3 жыл бұрын (2013) «Қазақфильм» АҚ шығарған Әмір Байғазиннің «Үйлесімділік сабақтары» туындысы Халықаралық кино қорының (Berlinale World Cinema Fund) сыйлығына ие болды. 3 жыл бұрын (2013) Астанаға Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес келді. Келу мақсаты — 2017 жылы Астанада EXPO-2017 көрмесін өткізу және ұйымдастыру бойынша мәселелерді талқылау. Бұл ХКБ бас хатшысының EXPO-2017 ұйымдастырушысы ретіндегі Астанаға алғаш келуі болатын. EXPO ұйымдастыру ережелеріне сай жылына екі рет ХКБ бас ассамблеясы аясында жобаның жүзеге асуы туралы таныстырылым өтеді. Сондай-ақ елордада өткізілетін шаралар туралы баяндама жасалады. 2 жыл бұрын (2014) Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар бойынша Ұлттық агенттікпен бірлесіп Қазақстанның ұлттық экспорттық стратегиясы құрылды. 1 жыл бұрын (2015) Ғаламторда www.eng-kaz.kz ағылшын-қазақ сөздігі іске қосылды. Бұл ағылшын тілінен қазақшаға аударудағы көмекші құрал. 24 жыл бұрын (1992) ЕО Словения мен Хорватия тәуелсіздігін мойындады. 23 жыл бұрын (1993) АҚШ-та NBC арнасында «Санта-Барбара» операсының соңғы сериясы шықты. Телехикая 8 жылдай көрсетілді. Осы уақытта оның 2 137 сериясы шығып үлгерген. ЕСІМДЕР 105 жыл бұрын (1911-1990) қоғам және мемлекет қайраткері АРТЫҒАЛИЕВ Шолақ дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысында туған. Орал халықтық білім беру институтын, Бүкілодақтық Коммунистер партиясы Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. 1931-1938 жылдары — кеңшар комсомол комитетінің хатшысы, Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Ақтөбе облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Орал қалалық партия комитеті хатшысының орынбасары, Орда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1938-1940 жылдары — Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары, нұсқаушысы. 1940-1942 жылдары — Жәнібек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1942-1943 жылдары — Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің кадрлар жөніндегі хатшысы. 1943-1945 жылдары — Бүкілодақтық Коммунистер партиясы Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы. 1945-1950 жылдары — Талдықорған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы. 1950-1952 жылдары — Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1952-1958 жылдары — Қазақ КСР Кәсіподақтары Кеңесінің хатшысы. 1958-1962 жылдары — Қазақ КСР Кәсіподақтары кеңесі Алматы облысы бойынша ұйымдастыру бюросының төрағасы. 1962-1964 жылдары — Алматы облыстық өнеркәсіп қызметкерлері кәсіподақтары кеңесінің төрағасы. 1964-1971 годы — Алматы облыстық кәсіподақтары кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1971 жылы зейнеткерлікке шыққан. 1971-1975 жылдары — Алматы тұтыну одағы төрағасының кадрлар жөніндегі орынбасары болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 2-4 шақырылымының депутаты. Еңбектегі Қызыл Ту орденімен үш мәрте, «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. 80 жыл бұрын (1935) актриса, Қазақстанның халық әртісі ӘКБАРОВА Зинат дүниеге келді. Алматы облысы Жаркент қаласында туған. Алматы хореографиялық училищесін бітірген. 1955 жылдан бастап Ұйғыр музыкалық театрының бишісі, кейін актрисасы болды. Әкбарова жасаған образдар қызу каңды, өткір мінезімен айқындалады. Театр сахнасында Майымхан, Лейліхан, Гүлзара (Д.Асимов пен А.Садыров «Анархан»), Гүлбадам (Д.Асимов пен В.Дьяков «Ғарип пен Сәнәм»), Гүлшеһра (Ү.Гаджибеков «Аршин мал алан»), Айхан (X.Хамзан «Майсараның айласы»), Назугум (Қ.Хасанов пен С.Башоян «Назугум»), Әмал (С.Жамал «Қара райхан»), Яренка (А.Александров пен Л.Юхвид «Малиновкадағы той») рөлдерін орындады. 75 жыл бұрын (1941) Ақмола мемлекеттік медицина академиясының кафедра меңгерушісі, Астана қаласы оториноларингология ғылыми-клиникалық орталығының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор, ҰҒА-ның академигі, ҚР Медицина ғылымы академиясының академигі, ҚР Халықаралық жоғары ғылым мектебі академиясының академигі, Нью-Йорк Ғылым академиясының академигі, Халықаралық оториноларингология академиясының академигі, КСРО, Қазақ КСР-і денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Н.П.Симановский атындағы сыйлықтың лауреаты ТӨЛЕБАЕВ Райыс Қажкенұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында туған. Семей медицина институтын, Алматы мемлекеттік медицина институтының аспирантурасын бітірген. 1970-1975 жылдары — Қазақ аймақтық потология ғылыми-зерттеу институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1975-1977 жылдары — Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігі ғылым бөлімінің меңгерушісі. 1977-1982 жылдары — Қазақ аймақтық потология ғылыми-зерттеу институтының бөлім бастығы. 1982-1987 жылдары Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас маманы. 1987-1991 жылдары — Қазақ гигиена және кәсіби аурулар ғылыми зерттеу институтының Өскемен филиалының басшысы. 1991-1992 жылдары — «КРАМДС-Денсаулық» ЖШС-інің директоры, «Крамдс» корпорациясының менеджері. 1992-1993 жылдары — ҚР Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестациялық комиссия бөлімінің меңгерушісі. 1993-1997 жылдары — Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры. 1997-2001 жылдары — Қазақ мемлекеттік медицина академиясының ректоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 1997 жылдан істейді. Докторлық және кандидаттық диссертация қорғау жөніндегі кеңесінің мүшесі. «Оториноларингология — Бас, Мойын хирургиясы» журналының бас редакторы, сонымен қатар «Оториноларингология жаршысы» журналдарының, «Ресейлік ринология», «Ресейлік оториноларингология» баспаханаларының редакциялык кеңестерінің мүшесі, республикалық «Қазақстанның медициналық журналы», «Университет жаршысы», Экология және денсаулық», «Морфология жэне дэлелдемелі медицина» журналдарының редакциялық алқаларының мүшесі. Республикалық оториноларингологтар ассоциациясының Президенті. 450 астам ғылыми еңбектің, 16 монографиянын, мемлекеттік тілдегі екі оқу кұралының, 26 әдістемелік ұсыныстар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы, ол оннан астам өнертабыстың авторлык куәлігі мен патентіне ие болған. Оның жетекшілігімен 14 докторлық және 37 кандидаттық диссертация қорғалған. Ол бес халықаралық академиялардың академигі, Қ.А.Иассауи атындағы Халықаралық Қазақ-Тұрік университетінің, Семей және Қарағанды мемлекетгік университеттерінің кұрметті профессоры. Райс Қажкенұлының есімі Кембридж университетінің Халықаралық өмірбаяндар орталығының «XXI ғасырдың атақты ғалымдары» кітабына енгізілген. «Жоғарғы тыныс алу жолдары мен есту мүшелерінің патологиясы» , «Фосфорлық уыттану кезіндегі тыныс алу жолдары мен есту мүшелерінің патологиясы», «Қорғасынмен созылмалы уыттану» (1996), медициналык колледждер мен жоғарғы оқу орындарына арналған мемлекеттік тілдегі «Құлақ, мұрын, тамақ аурулары оқу құралы, Оториноларингология мен пульмонологиядағы дэрілік өсімдіктер», Тыныс алу трактының қабыну-дистрофиялык езгерістерін диагностикалау», «Дені сау жастар — күшті әскер кепілі», «Тыныс алу патологиясының курорттық терапиясы», «Жедел және созылмалы синуситтер», «Амбулаториялық жағдайдағы синуситтерді диагностикалау, алдын алу және емдеу», «Мұрын қуысы және оның қосалқы қуыстарының аурулары», Тыныс жолдары мен есту мүшелерінің ауруларын жіктеу жөніндегі анықтамалық, «Оториноларингология терминдерінің түсіндірме сөздігі», жоғарғы медициналық оқу орындарына арналған қазақ тіліндегі «Оториноларингология дәрістері» оқулығы, тағы басқа еңбектері жарық көрген Көптеген медальдармен марапатталған. 66 жыл бұрын (1950-2008) сәулетші, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген сәулетшісі, КСРО халық сәулетшісі МОНТАҚАЕВ Қалдыбай Жұмағалиұлы дүниеге келді. Ресей Федерациясының Алтай Республикасында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген. 1972-1982 жылдары Алматы Жобалау институтында сәулетші, аға сәулетші, топ жетекшісі, шеберхана бастығы, бас сәулетшісі қызметтерін атқарған. Қазақстан Сәулетшілер одағының президенті, Шығыс елдері Сәулет Академиясыньң вице-президенті, оның Қазақстандағы бөлімшесінің төрағасы, «Алматыгипрогор» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды. Алматыдағы 12-қабатты экспериментті тұрғын үйдің, Қазақстан КП ОК ғимаратының, Алматыдағы Президент сарайының, Республика алаңы кешенінің, «Айнабұлақ», «Ақсай», «Орбита» ықшам аудандарындағы бірқатар кешенді құрылыстардың, сондай-ақ Мәскеу қаласындағы Қазақстан мәдени орталығы жобасының авторлар тобын басқарған. Кейінгі жылдары Астана қаласындағы Президент резиденциясы, Үкімет және Парламент үйі, бірқатар министрлер, Конгресс-холл, Астана аэропорты мен аэровокзалы, орталық әмбебап дүкені және тағы басқа жобаларын жасады. КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Афина қаласында өткен Акрополь мұражайына арналған халықаралық байқаудың дипломанты, дүниежүзілік Бьеннале фестивалінің иегері. Қазақстанның 2000 жылғы «Жыл сәулетшісі» атағын алған. «Құрмет» орденімен марапатталған. 60 жыл бұрын (1956) ҚР Әділет министрінің орынбасары БАЙМОЛДИНА Зәуреш Хамитқызы дүниеге келді. Ақмола облысында туған. Қарағанды мемлекеттік университетінің заң фаультетін, Саратов заң институты жанындағы аспирантураны, АҚШ-тың Рено қаласында Ұлттық сот колледжі жанындағы курсты бітірген. 1985 жылдан Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетінде, оқытушы, аға оқытушы, доцент, деканның орынбасары. 1994 жылдан — ҚР әділет министрлігі Бас басқармасы заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында экономикалық заңнама бөлімінің бастығы, басқарма бастығы. 1996 жылдан — Қазақ мемлекеттік заң институтының кафедра меңгерушісі, кәсіпкерлік-құқықтық факультетінің деканы, доцент, профессор. 2005 жылдан — ҚР қоршаған ортаны қорғау министрлігінің нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бастығы, нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары. 2006 жылдан — ҚР Президенті Әкімшілігінің құқық қорғау және сот жүйесі мәселелері жөніндегі бөлімінің бас сарапшысы, бас инспекторы. 2008-2012 жылдар аралығында ҚР Президенті Әкімшілігі мемлекеттік-құқықтық бөлімінің инспекторы болған. 2012 жылғы ақпаннан — қазіргі қызметінде. «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008), «Ерен еңбегі үшін» (2008) медальдарымен марапатталған. 40 жыл бұрын (1976) «Кто есть кто в Казахстане» ақпараттық-баспалық жобасының жетекшісі, Қазақстан өмірбаяндық энциклопедиясының бас редакторы, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты ӘШІМБАЕВ Данияр Рахманұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. «Тұран» университетін бітірген. 1990-1993 жылдары — Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясы Орталық ғылыми кітапханасының кітапханашысы. 1993-2000 жылдары — «Тұран-Азия» Холдинг-орталығының менеджері, бөлім басшысының орынбасары, қаражаттық директоры, вице-президенті. 2000-2004 жылдары — «Репутация» коммуникативтік технологиялар орталығының бас редакторы қызметтерін атқарған. 1994 жылдың маусымынан — қазіргі қызметінде. «Кто есть кто в Казахстане», «Казахстан 90-х. Правительство Кажегельдина: приватизация, коррупция и борьба за власть», «Выборы-2004 в Казахстане: шаг за шагом», «Социально-политические портреты государств Центральной Азии» кітаптарының авторы.
38 жыл бұрын (1978) Орал қаласының әкімі КӨЛГІНОВ Алтай Сейдірұлы дүниеге келді. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Абердин университетін бітірген. Мамандығы — заңгер, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі, халықаралық коммерциялық құқық магистрі. Еңбек жолын 2001 жылы Бас проуратура жанындағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің кадрлармен жұмыс бөлімінің бас маманы, прокуроры болып бастады. 2002-2003 жылдары осы комитеттің құқықтық статистиканы қалыптастыру басқармасының прокуроры болды. 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Астана қаласы бойынша басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды. 2007-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің заң актілерін жасақтау және талдау басқармасының бастығы. 2008-2010 жылдары «АлашМедиаГрупп» ЖШС бас директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары.
2010 жылдан осы кезге дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің аймақтық-ұйымдастыру және мемлекеттік бақылау жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет жасады. 2012-2013 жж БҚО әкімінің орынбасары қызметінде болды.
166 жыл бұрын (1850-1891) математик, Петербор Ғылым академиясындағы тұңғыш әйел корреспондент-мүшесі КОВАЛЕВСКАЯ Софья Васильевна дүниеге келді.
87 жыл бұрын (1929-1968) АҚШ-тағы нәсілдік кемсітушілікке қарсы күрескер, Нобель сыйлығының лауреаты Мартин ЛЮТЕР КИНГ дүниеге келді.
58 жыл бұрын (1958) серб саясаткері, Демократиялық партияның төрағасы, Сербияның 2004-2012 жылдардағы президенті ТАДИЧ Борис дүниеге келді.
Досымханов Қ.Б.