Бірлік күні
Сәуірдің отызы күні біздің мектепте бірлік пен ынтымақтастық мерекесі аталып өтті. Оқушылар мен ұстаздардың дайындығы соншалық, мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды десек, артық айтпаймыз. Әр сынып өздерін Қазақстан мемлекетінің құрамындағы ұлт өкілдері кейпінде таныстырып қана қоймай, сол ұлттың дәстүрлі тағамы мен өнерін, әдет-ғұрыптарын айшықтап өтті. Әрине де, бұл сахна орындауларын құрметті де қадірлі әділ-қазыларымыз бағалап отырды. Бесінші қазақ сыныбы мықты әрі өздеріне сенімді неміс ұлтын көрсетсе, бесінші орыс сыныбы жылы жүзді грузин мәдениетін паш етті. Алтыншы орыс сыныбы оттай лаулап тұратын сыған ұлтының биін жандырды. Жетінші қазақ сыныбы болса шапшаң әрі көңілді кавказ ұлтын, ал жетінші орыс сыныбы кербез украин мәдениетін таныстырды. Сегізінші қазақ сыныбы әуезді өзбек ұлтын, ал сегізінші орыс сыныбы сабырлы татар мәдениетін таныстырды. Тоғызыншы қазақ сыныбы өзіміздің қонақжай, момын әрі рухты қазақ ұлтын көрсетсе, тоғызыншы орыс сыныбы бойында күш жігері таусылмайтұғын орыс мәдениетін көрсетті. Оныншы қазақ сыныбы мейірбан әрі пәк түрік ұлтының мәдениетімен таныстырса, оныншы орыс сыныбы нәзік, дидарлы корей ұлтын көзайым етті. Алтыншы қазақ сыныбы болса, мерекелік шараның соңында бірлік пен достық нышанын бейнелей отыра, ұлт өкілдерінің мәдениттеріне поппури жасау арқылы еліміздегі татулықты көрсете білді. Көздің жауын алар сан түрлі киім үлгілері мен таңғажайып сахна қойылымдары бәрінің де көңілінен шықты. Сол себепті де әділ-қазылар әр сыныпқа жеке дара алғыс хаттарын беріп, жүректен шыққан ыстық сөздерін жаудырды.