Ұлттық сананы қалыптастырудағы тарихтың орны
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында егемендігіміз бен елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттар айқындалып, іргеміздің берік болуы үшін қажет шаралар туралы айтылған болатын. Мақалада президент еліміздің үш онжылдықтағы қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін атап өткен еді.
Қазақ Елі өзінің тәуелсіз дамуының жасампаз жылдарында оның саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани тұрғыда егеменді жолмен дамуының алғышарттарын жасады. Қазақстан қуатты мемлекет болуы үшін, саяси-экономикалық реформаларды жүзеге асырып, сананы жаңғыртуды жалғастырып ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет екені белгілі.
Президент мақаласының екінші бөлімі, «Таным мен тағылым» деп аталады, онда мемлекет басшысы, тарихымызға ерекше көңіл бөлген. «Тарихсыз – халық жоқ» деген нақыл бекерге айтылмаса керек.
Тарихи тәжірибе мен тарихи мұра – кез-келген ұлттың дамуының маңызды аспектісі. Тарихи-мәдени мұраны насихаттау, тарихқа деген құрметті тәрбиелеу ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың маңызды элементі болып табылады. Бұл мемлекеттің ұзақ мерзімді басымдықтарының құрамдас бөліктерінің біріне айналды. Тарихи сана ұлттық тәуелсіздік дәуіріндегі рухани дамуымызда орасан зор орын алады. Бұл тарихи жадыны тарихи шындыққа сәйкес қалыптастыру, қоғам оған өзінің өткеніне бұрылу арқылы қол жеткізеді.
Тарихты жақсы білу, оны құрметтеу, өз халқыңның қалыптасуында шешуші рөл атқарған белгілі бір оқиғалар туралы білуге ұмтылу — Отанға деген сүйіспеншіліктің маңызды құрамдас бөлігі. Патриотизм мен азаматшылықтың негізі ұлттың санасындағы мемлекетшілдік болып табылады. Ал ұлттың санасындағы мемлекетшілдіктің негізі ол – тарихи сана.
Қазақ халқының тарихы әлемдік тарихтың ең маңызды бөліктерінің бірі болып табылады, сондықтан оны зерттеу қазақстандық патриотизм мен ұлттың тарихи санасын қалыптастыруда маңызды орын алады. Патриотизм мен тарихи сананың негіздерін қалыптастырудағы басты рөл, сөзсіз, тарих ғылымына тиесілі.
Қазақ қоғамының тарихын зерттеудің өзіндік тарихы мен әр түрлі аспектілері бар. Бүгінде тарих ғылымы халықтың тарихи санасын объективті тұрғыдан қалыптастыруы керек.
Қазақстан көптеген өркениеттер мен мәдениеттердің тоғысында болғандықтан, өз аумағында тарихи және мәдени ескерткіштер түріндегі бай мұраға ие. Қазақ мәдениеті біздің байтақ даламызға келген көптеген этностардың рухани мұрасымен байытылды. Қазақстанның тарихы мен мәдениеті жасампаздықтың қуатты энергиясын алуға болатын қайнар көзі.
Бүгінде халықтың тарихи жадын жаңғырту мәселелері қоғамдық санада орасан зор орынды алады. Қазақстан тарихын зерттеудің негізгі өзегі Қазақстанның мемлекет құрушы этносының сан ғасырлы тарихы бар екені туралы түсінік болуы керек.
Осы жағдайда өткен тарихтың объективті бейнесін жасау жалпыұлттық бірлікті қалыптастырудың, тарихи сананың қалыптасуының, Қазақстан Республикасының бірегейлігін қалыптастырудың және оның егемендігін нығайтудың негізгі факторларының біріне айналды.
Мемлекет басшысының қазақ тарих ғылымының алдына қойған міндеттері қоғамда да өзекті әрі сұранысқа ие болып отыр. Тарихты зерделеу арқылы тарихи сана, мәдениет, дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады. Өйткені, тарих болып жатқан оқиғаларды жан-жақты әрі тереңінен көре білу қасиетін дамытады және болашаққа дұрыс қадам жасауға көмек береді. Тарихи таным қашанда уақыт ағымымен, оқиғалар әсерімен, бай тәжірибені зерделеумен келетін құндылық.
Қазіргі уақытта академиялық Қазақстан тарихын жазу қолға алына бастады. Бұл да болса тәуелсіздігіміздің арқасында іске асырылмақ мақсатымыз. Алайда, сол тарихымызды қалай жазамыз деген де сауал аса өзекті. Отандық тарих ғылымында зерттелмеген мәселелер жеткілікті, ал кейбір зерттелінгендері идеологиялық және саясат ықпалымен бұрмаланып қарастырылған. Сондықтан да болар біздің тарихымызды қорлайтын, егемен, дербес мемлекет ретінде мойындамайтын жайттар ғаламторда, саясатта, өмірде де кездесіп жүр.
Тарих – мемлекеттің түп қазығы. Бұлар бір-бірімен тамырлас болуы керек. Сонда ғана біз өткенімізді көзіміздің қарашығындай қастерлейтін боламыз. Ал Қазақстан тарихшылары бүгінде қазақстандық қоғамды консолидациялау жөніндегі өз идеяларын алға тартып, еліміздің тәуелсіздігін сақтау үшін жұмыс істеуі керек.