Павлодар облысының білім беру басқармасы

Павлодар ауданы білім беру бөлімінің

«Балалар өнер мектебі» КМҚК

 

Мекен жайы: Павлодар обылысы,Павлодар ауданы Кемеңгер ауылы 60 лет Октября көшесі, 28-үй.

Директордың міндетін атқарушы: Темирбекова Самал Амиржановна

Байланыс телефоны 87184553128
WhatsApps –әлеуметтік желісі 87051406210 
Қабылдау бөлімі 871845-53128 
Ата-аналарды қабылдау уақыты Күн сайын сағат 11.00 — 12.00
Электрондық почтасы: muzyk_pvroo@mail.ru


Өршілдікке бастайтын өнер мектебі

Павлодар ауданы шәкірттерін тамаша мүмкіндіктер күтіп тұр!

Қосымша білімдену – балаң бойдағы қабілет пен қарымның, талант пен талаптың маздағалы тұрған шоғын үрлеп, жаңа белестерге бағыттау. Білім беру ордаларындағы күнделікті пәндік сабақтар жалпы ғылыми кеңістікке бастау болар соқпақ ретінде қызмет етсе, қосымша білім мен тәрбие беру бағыттары шәкірттерді өнердің сан алуан тармақтарына тартып, жолға салады. Сондықтан да қосымша білім мен тәрбие беретін орталықтардың қызметі айрықша маңызға ие. Жанам деп талпынған балаң жүрекке от беретін орталықтың бірі – Павлодар ауданына қарасты Балалар өнер мектебі. Бұл орталық өз жұмысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №726 Қаулысымен бекітілген «Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасын негізге ала отырып, балалардың бейімін айқындауға, қарым-қабілетіне қарай белгілі бір өнерге бағыттауға, ұтқырлық пен әбжілдікке, кез келген жағдайда терең ойлап, шұғыл шешім қабылдауға, икемділік таныта отырып, кез келген ортада талантын паш етуге, кәсіби тұрғыда өзін-өзі анықтауына, мектепте алған білімін қоғам игілігі үшін жүзеге асыруына күш салады. Сайып келгенде, осы бағыттағы іс-қимылдың түпкілікті міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу мен оқыту.

Бүгінде Павлодар ауданының Балалар өнер мектебі жаңа оқу жылын мейлінше жаңара түскен мазмұнда бастап, белсенді іске кірісіп кетті. Мәселен, өткен оқу жылында өнер мектебінің жұмысы жалпылай 4 басты бағытты қамтып, аталмыш бағыттар бойынша 26 қызмет түрін ұсынса, биылғы жаңа оқу жылында жалпы бағыттың саны 8-ге артып, балаларға ұсынылатын қызметтер саны 55-ке жетті. Яғни, өткен жылдарға қарағанда ынталы да ықыласты мектеп оқушыларына ұсынылатын игіліктердің аясы кеңейе түсті.

Әлбетте, Балалар өнер мектебіне жүгінетін, бойдағы талант пен қабілетті ұштап, дамытуға бейілді балалардың қатары да толыға түсті. Артта қалған оқу жылында өнер мектебімен тұрақты байланыс жасап, қызметін пайдаланған оқушылардың саны 1388-ді құраса, жаңа оқу жылында олардың саны 2 мыңға жетіп отыр.

Өнер мектебі миссиясының маңызды ұстанымы – ұлттық құндылықтар негізінде қосымша білім мен тәрбие сіңіру. Отанға, оның тарихы мен тіліне, дәстүрі мен салтына, рухани қазына-байлығына, әдебиеті мен мәдениетіне, өнердің сан алуан тармақтарына жетелей отырып, оқушыларды нағыз патриот, бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған тұлға етіп қалыптастыру.

Бұл мақсат-міндеттер өнер мектебінде Музыкалық, Сәндік-қолданбалы, Көркем-эстетикалық, Көркем бейнелеу өнер түрлері, Ақпараттық-технологиялық , Әлеуметтік-педагогикалық, «Жас ақындар клубы», «Жас журналистер клубы», Ұлттық жобалар бағыттары бойынша  жүзеге асырылады. Міне, жоғарыда айтқанымыздай, дәл осы сегіз бағыттың аясында ұсынылатын қызметтің саны 55-ті құрайды. Бұлардың ішінде ұлттық аспаптар мен дәстүрлі өнер – домбыра, қобыз, шаңқобыз, дәстүрлі әншілік өнер, вокал, фортепиано, үрмелі аспаптар, көркем ою, оригами, икэбана, сәндік-қолданбалы өнердің қазіргі заманғы түрлі мен әдістері, хореография, театр, көркем бейнелеу секілді көптеген тармақтар бар.

Сонымен қатар ақпарат легі қатты дәуірлеген қазіргідей кезеңде жасөсіпірмдер мен жеткіншектердің медиа сауаттылығына, компьютерлік дизайн мен фото-бейне жасау өнеріне, лего құрастыру мен робототехникаға зор маңыз берілуде.  

Әлеуметтік-педагогикалық тұрғыда «Жас журналистер клубы», «Жас ақындар клубы», еркін де ашық Пікірталас клубы жасақталып, жас тілшілерді, жас ақын-жазушыларды баулуға, сол арқылы шешендік өнер мен айтысқа, көркем оқуға жұмылдыруға ден қойылған. Ал ұлтымыздың аса жоғары деңгейде дамытушылық ерекшелігі бар асық және тоғызқұмалақ ойындары өнер мектебінің қабырғасында кәсіби тұрғыда үйретіледі.

Міне, Павлодар ауданына қарасты Балалардың өнер мектебіне таңдау жасаудағы сұранысқа ие басым бағыттар мен артықшылықтар осындай. Маңызы жоғары тағы бір мәселе – өнер мектебінде балалармен жоғарыда аталған бағыттар бойынша жұмыс жүргізетін мамандардың сапалық деңгейі. Бұл ретте Павлодар ауданындағы Балалардың өнер мектебі уақыт өткен сайын мамандар құрамының сапасын арттыруды алдыңғы қатарға шығарған. Жаңа оқу жылынан бастап мектепте балаларға қызмет көрсететін мамандардың құрамы кәсіби білікті, тәжірибелі және есімдері өңірге ғана емес, республикаға танымал тұлғалармен толығуда. Мұның өзі Павлодар ауданы мектептеріндегі шәкірттер үшін өз талабы мен талантын ұштап, дамытуға байланысты сапалы қызмет алу жолында сенімділік ұялатады.

Талантсыз адам тумайды. Қабілетсіз шәкірт болмайды. Маңыздысы сол – бойдағы талантты, қабілетті ашып, талапты дамытуға түрткі беру. Ал бұл миссия Павлодар ауданына қарасты Балалардың өнер мектебінде жақсы жолға қойылған.

Біздің бірегей мектеп барлық талапкер шәкірттерді құшақ жая қарсы алатынын еске саламыз.

Талапты бірге ұштап, болашақты бірге жасайық!


Жаңалықтар

image
Абай Кунанбаеву 175 лет
image
Женіс лентасы
image
ҚР конституциясының 25 жылдығы
image
Балалар жылы

image